Жүктелуде...
 

Қатерлі ісіктің пайда болу қаупін 50 пайызға қандай физикалық жүктемелер төмендететіні анықталды

Қатерлі ісіктің пайда болу қаупін 50 пайызға қандай физикалық жүктемелер төмендететіні анықталды

translator дүйсенбі наурыз 2, 2020


02 03 2020

Қатерлі ісіктің пайда болу қаупі тұрақты физикалық жүктемелердің әсерінен төмендегені туралы ғылыми дәлелдер соңғы онжылдықтарда ғана алынып отыр. Анықталғандай, қатерлі ісік ауруынан болатын өлімнің үштен бірі дұрыс емес диета және аз қозғалысты өмір салтымен байланысты екен. Физикалық белсенділіктің қорғаныш әсерін қамтамасыз ететін факторлардың ішінде мыналарды атап өткен жөн: физикалық жаттығулар қан айналымын және энергия алмасуын жақсартады, тыныс алу қызметін жақсартады, асқазан-ішек жолымен тамақтың өтуін жеделдетеді, иммундық жүйені ынталандырады, сонымен қатар мутация салдарынан зақымдалған гендерді қалпына келтіруге көмектеседі.

Онкологиялық аурулардың барлық түрлерінен тоқ ішектің қатерлі ісігіне қатысты физикалық жаттығудың үлкен әсері байқалған. АҚШ-тың Ұлттық онкологиялық институтының ғалымдары аптасына 3-4 сағат физикалық жаттығу жасау тоқ ішек қатерлі ісігінің қаупін 50 пайызға төмендететінін анықтады. Аз қозғалысты өмір салты, керісінше, тоқ ішек қатерлі ісігінің қаупін едәуір арттырады екен. Мұның бір түсіндірмесі: аз қозғалысты өмір салты ішек арқылы нәжістің өтуін баяулатады. Осылайша, тоқ ішек нәжісте болатын улы заттар мен канцерогендердің әсеріне көбірек ұшырайды.

Ұқсас нәтижелер сүт безі қатерлі ісігі аурулары бойынша алынды. Аптасына 3-4 сағаттан тұратын физикалық жаттығулар сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупін 20-30 пайызға төмендететіні көрсетілген. Физикалық белсенділік тіпті сүт безі қатерлі ісігі диагнозы қойылған әйелдер үшін де пайдалы. Тұрақты қалыпты жаттығулар, мысалы, аптасына 3-4 сағат ішінде жылдам жүру, аурудың қайталануы және мезгілсіз өлім қаупін аз қимылдайтындардан қарағанда екі есе азайтады. Физикалық жаттығулар қатерлі ісіктің басқа түрлерінің пайда болу қаупін азайтуға септік етеді. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, аптасына бес рет 45 минуттық жаттығулар өңеш, бүйрек, эндометрия және өкпенің қатерлі ісігі қаупін азайтады.

Қатерлі ісік – еліміздегі мезгілсіз өлімнің себебі бойынша екінші орында, десе де оның алдын алуға болады. Сәйкес тұрақты физикалық жүктемелер – ағзаның қатерлі ісіктен қорғаныс деңгейін жоғарылатудың қажетті шарты болып табылады.



Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Мақаланы аударып дайындаған Бағдат Сұлтанбек.


Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.

Тілді таңдау