Соңғы 100 жылда ғылымда үш маңызды оқиғалар болды. Біріншісі – кванттық революция, Эйнштейіннің арқасында бізге атом құрылымының ішкі жағына үңілуге мүмкіндік туды. Екіншісі – ақпараттық «революция», мұның арқасында біздің бүгінгі өміріміз көбіне бит пен байттық ақпаратқа тәуелді. Үшінші – ол биотехнологиялық революция.
Меніңше, осылардың ішіндегі ең маңыздысы – биотехнологиялық революция, өйткені ол адамзат баласының келешек ұрпағы қалай өмір сүретіндігін анықтайды. Шындығында, біз қазір жаңа технологиялардың арқасында ағзамыздың ішіндегі молекулаларды компьютерлік микросхемаларды кодтағандай кодтай аламыз.
Мысалға, біздің молекулаларға генетикалық ДНҚ молекуласының қажет емес бөліктерін «қайшы» сияқты кесіп тастайтындай тапсырмалар беруге болады. Бұл түрлі ауруларды тудыратын зиянды гендерден арылуға мүмкіндік береді. Осылайша, гендерге ықпал ету арқылы біз балаларымыздың денін сау қылып, ауруларға төзімді ете аламыз. Және бұл бос қиял емес, бүгінгі шындық.
Біздің генетикалық құрамымыздың негізі жасушалар ядросының ішінде орналасқан ДНҚ молекуласы екендігі бәрімізге аян. Алайда, биотехнологиялық революцияның нағыз қаһарманы – матрицалық РНҚ деп аталатын молекула.
Матрицалық РНҚ жасуша ядросының ішіне еніп, қажетті генетикалық ақпаратты жинайды, содан соң кодтардың көмегімен оны синтезделетін ақуыз молекулалары арқылы біздің ағзамыздың басқа бөліктеріне береді. Бұл гендер көздің, шаштың түсін кодтауға, сондай-ақ жүйке жасушалары мен гормоналды молекулалардың жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы ұстаным негізінде Pfizer-BioNtech пен Moderna компанияларының коронавирусқа қарсы вакциналары жасалды. Ғалымдар осылайша матрицалық РНҚ молеуласын программалап, коронавирустың тікенді ақуыздарының синтезсін кодтауға қол жеткізді. Оларға қарсы ағзада иммундық қорғаныс дами бастайды. Яғни, біз өзіміз коорнавирус молекулаларын қалыптастырамыз да, өзімізді олардан қорғаймыз. Барлығы түсінікті әрі жылдам.
Әйтсе де бұл жерде ең бастысы – ендіге иммундық жүйе коронавирус мутанттарынан немесе басқа зиянды вирустардан қорғайтындай етіп матрицалық РНҚ-ны қайта программалай аламыз. Мұны шамамен программисттер сияқты веб-сайт немесе мобильді қосымшаларды жаңартқандай ғып елестетсе болады.
Мұның бәрі вакциналарды жасау процесін түбегейлі өзгертеді, оларды бұрындары дайындау үшін көп еңбек жұмсалып, ұзақ уақыт өтетін. Қауіпті тірі вирустармен күресу, оларды залалсыздандыру дегендей. Қазір вирустық ақуыздың молекулалық құрылымын білу жеткілікті. Біздің генімізге иммундық қорғанысты дамыта алатын вирустық молекулалардың түрін шығаруға нұсқау берілген. Бұл біздің белгілі бір мәтінді теріп, электронды поштаға жіберуімізге немесе whatsapp пен telegram арқылы «мынадай қауіп төніп тұр, дайын болу қажет» деп генімізге хабарлама жіберуімізге ұқсас.
Pfizer-BioNtech пен Moderna вакциналарына қатысты матрицалық РНҚ-ны кодтау мен коронавирустың тікенді ақуыздарын синтездеудің бүкіл процесі 3-4 аптаға ғана созылды. Іске қосылғанға дейін қалған жарты жылда клиникалық сынақтар мен бюрократиялық кідірістер болды. Бүгінде Америка Құрама Штаттарында күн сайын екі миллион адам бұл вакциналарды салдыруда. Вакциналардың тиімділігі 95 пайызды құрап отыр.
Матрицалық РНҚ-ның көмегімен қажет емес генді алып тастау немесе біздің аурудан сақтайтын генді енгізу үшін ДНҚ молекуласының қай бөлігін алып тастау керектігі жайлы нұсқаулар беру мүмкіндігі туындады. Бұл CRISPR атауымен аталатын жаңа технологияның арқасында мүмкін болып отыр. Оны екі азаматшалар, американдық Дженифер Даунда мен француз Эммануэль Карпентьер жасаған болатын. Олар алты ай бұрын осы жаңалықтары үшін Нобель сыйлыған алды.
Шындығында, олар бұл идеяны вирустармен миллиардтаған жылдар бойы осылай күресіп келе жатқан бактериялардан алған. Адамдар үшін бұл технологияның мүмкіндіктері шынымен де орасан зор: қатерлі ісік пен генетикалық бұзылыстармен күрестен бастап стрептококкты ангина және АИТВ/ЖИТС сияқты ауруларды диагностикалауға дейін. Қазіргі кезде ғалымдар CRISPR технологиясын үй жағдайында қолжетімді ету үшін жұмыс істеуде. Ал, бұл шын мәнінде біздің медицина туралы түсінігімізді өзгертіп, планетаның миллиондаған тұрғындарының денсаулығын, өмір сапасын және ұзақ өмір сүруін қамтамасыз ететін революция болады.
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.
Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.