Жүктелуде...
 

Тыныс алу жаттығуларының көмегімен өкпенің жұмысын қалай жақсартуға болады?

Тыныс алу жаттығуларының көмегімен өкпенің жұмысын қалай жақсартуға болады?

translator дүйсенбі қазан 5, 2020


Ukreplenie Legkogo

COVID-19 пандемиясынан кейін көпшілік сау өкпенің біздің күнделікті өміріміздегі маңызды рөлін түсінгендей. Жүректің соғуы, ас қорыту, мидың белсенділігі, сондай-ақ өмірлік маңызды басқа да көптеген функциялар дұрыс тыныс алуға байланысты екен.

Тыныс алу кезіндегі әрбір ішке кірген дем біздің ағзамызға ондаған миллиард маңызды молекулаларды әкеледі, ал шыққан дем қажет емес заттарды бірдей мөлшерде жоя алады. Ғалымдар тіпті бүгінде тіршілік етіп жатқан адамдардың кез-келген уақытта біз кездері Шыңғысхан мен Юлий Цезарьдың өкпесінде болған молекуламен дем алу мүмкіндігі бар деп есептейді.

Адамзат баласы тыныс алу функцияларын мыңдаған жылдар бойы зерттеп келеді. Қытайдың «Дао дэ Цзин» философиясының онға жуық кітабы тек тыныс алуды түзетуге және оның бұзылысы кезінде не болатынына арналған. Осы сұрақтарға байланысты көптеген басқа да философиялық ілімдер баршылық. Оларға ортақ нәрсе: тыныс алуды саналы түрде қарап, сезіну, оны біздің ағзамызға қалай әсер ететінін білу. Сондай-ақ, дем шығару тыныс алуға қарағанда әлдеқайда ұзағырақ болатындай етіп, тыныс алуды бәсеңдетуді үйрену.

Бұл үшін өте қарапайым әдісті британдық дәрігер Чаттерджи ұсынған екен. Ол 3 секунд демді ішке тартып, оны 4 секунд ұстап, 5 секунд аралығында демд шығару ұсынады. «3 – 4 –5» деп аталған бұл әдіс миды күйзелісті ойлардан арылтып, босаңсуға жағдай жасайды.

Сонымен:

Мұрын арқылы дем аламыз: 1 – 2 – 3;
Демді ұстаймыз: 1 – 2 – 3 – 4;
Ауыз арқылы дем шығарамыз: 1 – 2 – 3 - 4 – 5.

Басқа да мүшелер секілді біздің өкпеміз де біртіндеп қартайып, толық тыныс алу қабілетін уақыт өте жоғалтады. Бұл қалай болады? Жас ұлғайған сайын қабырға және кеуде қуысының басқа сүйекті құрылымдары тығыздығын жоғалтып жұқарады да, пішінін өзгертеді. Осының бәріне байланысты көкірек қуысының мөлшері кішірейді. Сонымен бірге өкпеге демеу беретін бұлшықеттер мен сіңірлер созылмалылығын жоғалтады. Осының салдарынан тыныс алатын және дем шығаратын ауаның көлемі шектеледі.

30-50 жас аралығында біз 12 пайызға жуық өкпе функциясын жоғалтамыз. Одан әрі қарай бұл процесс ұдая түседі. 70 жасқа қарай адамның тыныс алу қабілеті 20 жастағы жігітке қарағанда 30 пайызға нашарлайды. Осыған байланысты жиі және қиындықпен дем алуға тура келеді. Бұл мазасыздыққа, иммундық бұзылуларға, қан қысымының жоғарлауына және басқа да созылмалы ауруларға әкеледі.

Өкпенің қартаю процесін тоқтата алмаймыз. Әйтсе де, жағымсыз әсерлерді 4 – 7 – 9 тыныс алу тәсілін қолдану арқылы азайтуға болады. Мен бұл тәсілді туыстарыма, достарыма, науқастарыма және дәрігерлеріме жиі көрсетемін. Бұл қалай орындалады?

Ең алдымен, тілдің ұшы жоғары таңдайдың бедерлі бөлігіне тигізуі керек. Жаттығуды орындау кезінде тілді дәл осы қалыпта ұстау қажет.

Содан кейін ақырын, мұрынмен терең дем алып, 4-ке дейін санау керек. Осыдан кейін деміңізді аздап ұстаңқырап, оймен 7-ге дейін санаймыз. Сонында, ойша 9-ға дейін санап, ауыз арқылы ұзақ, күшейтіліп дем шығару қажет. Сонымен бірге, дем шығару кезінде шамды сөндіруге үрлегендей ерніңізді алға жылжыта ауаны толығымен шығаруға тырысыңыз. Содан соң ауызды жауып, 4-ке дейін санап мұрынмен тағы да дем алып, іштен 7-ге дейін санап ауаны ұстап, 9-ға дейін оймен есептей ақырын созыңқырап демді шығару қажет.

Сонымен:

Мұрын арқылы дем аламыз: 1 – 2 – 3 – 4;
Демді ұстаймыз: 1 – 2 – 3 – 4 – 5 – 6 – 7;
Ауыз арқылы дем шығарамыз: 1 – 2 – 3 – 4 – 5 – 6 – 7 – 8 - 9

Бұл жаттығуды күніне кем дегенде 2 рет қайталаған жөн. Мұны жиірек жасауға болады, бірақ та бір ай ішінде күніне 4 реттен артық қайталауға болмайды. Ал екінші айда 8 рет қайталауға болады, бірақ одан арттырмаған дұрыс.

Бұл жаттығу күйзеліспен күресте өте тиімді. Сондай-ақ, бұл жаттығудың адамның тез ұйықтауына көмегі зор. Әсіресе, түн ортасында оянып кетіп, қайтадан ұйықтай алмай қиналғанда өте тиімді.

Күнделікті орындалатын осындай жаттығулардан 2-3 айдан соң сіз жүрек қызметінің, мазасыздықтың, депрессияның, ас қорытудың айтарлықтай жақсарғанын сезесіз.

Бұл дәрі-дәрмектерден қарағанда әлдеқайда жақсырақ. Өзі аз ғана уақытты алады, ешқандай жабдықты қажет етпейді әрі оңай істеледі. Онымен қоса бойыңызға жайлылық сыйлайды.


Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.


Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.

Тілді таңдау