Жүктелуде...
 

Бас неліктен ауырады?

Бас неліктен ауырады?

translator Сейсенбі қыркүйек 8, 2020


03 09 2020

Бастың немесе мойынның аумағындағы жайсыздықты бас ауруы деп атайды. Көп жағдайда бас ауруының себебі күрделі емес. Бас ауруына шалдыққан адамдардың көпшілігі өмір салтын өзгерткеннен, түрлі релаксация әдістерін игергеннен немесе дәрі-дәрмекті қабылдағаннан кейін өздерін жақсы сезінеді.

Көп жағдайда бас ауруы иық белдеуінің, мойынның, шаш түбінің және иектің бұлшықеттерінің ширығуына байланысты. Бас ауруының бұл түрі ширығудан бас ауруы деп аталады:

• Бұл күйзеліске, депрессияға, мазасыздыққа ұшырағанда, бас жарақатына немесе бас пен мойынның ыңғайсыз орналасуына байланысты болуы мүмкін.
• Бастың мұндай ауруы екі жақтан да сезіледі. Ол желкеден басталып, алдына қарай таралады. Бас сыздап немесе қысып ауырсып, сондай-ақ иыққа, мойынға немесе иекке таралуы мүмкін.

Сақина тәрізді ауырсыну күшті болуы мүмкін. Ол әдетте, басқа симптомдармен қосарланады, мысалы, дыбысқа немесе жарыққа сезімталдықпен немесе жүрек айнуымен. Бас сақинасы кезінде:

• Сырқат солқылдатып ауыру сипатымен болуы мүмкін. Әдетте, ол бастың бір жағынан басталып, содан соң бастың бүкіл аумағына таралуы мүмкін.
• Аура орын алуы мүмкін. Бұл бас ауруының алдында пайда болатын белгілердің жиынтығы. Ауырсыну әдетте дене күйінің өзгеруімен күшейеді.
• Бас сақинасы шоколад, ірімшіктің кейбір түрлері немесе натрий глутаматы сияқты тағамдарды пайдаланған кезде туындауы мүмкін. Сондай-ақ, кофеин, ұйқының дұрыс қанбауы немесе ішімдікті қабылдау да бас сақинасының ұстамасының себебі болуы мүмкін.

«Рикошеттік» (жанамалық) бас ауруы – бұл үнемі қайталануға бейім бас сырқаты. Бұл жиі ауырсынуды жеңілдететін дәрілерді шамадан тыс қолдану салдарынан пайда болады. Сол себептен оны дәрі-дәрмектерді артық қолданудан туындайтын бас ауруы деп те атайды. Мұндай ауырсыну аталған препараттарды аптасына 3 күннен артық қабылдағанда дамуы мүмкін.

Бас ауруының басқа түрлері:

• Кластерлік бас ауруы – кенеттен болатын, өте күшті бас ауруы, ол бір айдың ішінде күніне бірнеше рет пайда болуы мүмкін. Одан кейін біраз уақытқа тоқтауы мүмкін. Бас ауруы әдетте, бір сағатқа созылады және күн сайын бір уақытта қайталанады.
• Синустық бас ауруы бастың алдыңғы бөлігінде және бетте пайда болады. Ол жақтың, мұрынның және көздің артында орналасқан қуыстың қабынуына байланысты. Ауырсыну таңертең және басты алға еңкейткенде күшейеді.
• Бас ауруы суық тигенде, тұмауда, қызбада немесе етеккір алды синдромында пайда болуы мүмкін.
• Бас ауруы самайлық артерииттің симптомы болуы мүмкін. Бұл қанды бастың самай тұсына және мойынға тасымалдауына жауапты артерияның қабынуы.

Сирек жағдайда бас ауруы келесі ауыр жағдайлардың симптомы болуы мүмкін:

• Ми мен оның бетін жауып тұратын жұқа қабықшаның арасындағы аумақта қан кетуі (торлы қабық астына қан құйылу)
• Жоғары артериалдық қысым
• Мидың инфекциялық аурулары: менингит, энцефалит немесе абсцесс
• Мидың ісігі
• Бас сүйегінің астында сұйықтық жиналуы, бұл мидың ісінуіне апарады (гидроцефалия)
• Бас сүйектің ішіндегі қысымның артуы, бұл псевдотумороздық синдромның пайда болуымен байланысты (ісік емес)
• Иісті газбен улану
• Ұйқы кезіндегі оттегінің жетіспеуі (ұйқы апноэсі)
• Қан тамырларының аурулары: артерия-веналық мальформациялары (АВМ), мидың аневризмасы, инсульт және миға қан құйылуы.


Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.


Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.

Тілді таңдау