Жүктелуде...
 

Вакцинацияның маңыздылығы

Вакцинацияның маңыздылығы

translator дүйсенбі маусым 1, 2020


15 09 2019

Бүгінде елімізде вакцинация мәселесі қызу талқылануда. Бұған себеп жаңа Денсаулық кодексінің жобасында міндетті вакцинацияның қарастырылуы болып отыр.

Бірден атап өткен жөн, бұл жерде күштеп вакцина салдыру жайлы айтылып отырған жоқ. Егер нақты қарсы көрсетімдер болса, онда ешкім екпе жасатуға мәжбүрлемейді. Егер қарсы көрсетімдер болмаса, онда екпе алмаған бала балабақшаға жіберілмеуі мүмкін. Өйткені ол басқа да құрдастарына және айналасына қауіп төндіруі ықтимал.

40 жылдық тәжірибесі бар иммунолог дәрігер ретінде мен бұл талаптар орынды деп санаймын. Балаларға екпе жасату керек. Бұл әсіресе қызылша, дифтерия, полиомиелит сияқты жұқпалы ауруларға қарсы өте маңызды. Аталмыш аурулардан бұрындары қаншама балалар мүгедек атанып, көз жұмған болатын…

Мен вакцинациядан бас тартқандардың қандай сәтсіздіктерге ұшырағанын өз көзіммен көрдім. Африканың кедей елдерінде жұмыс барысымен болғанымда түрлі жағдайға куә болдым. Полиомиелитке қарсы екпе салдырмағаннан мүгедектер арбасына таңылған көптеген балаларды кездестірдім.

Қызылша, дифтерия, сіреспе, қызамық… Қазіргі ата-аналар үшін бұл аурулар абстракты ұғымнан басқа ештеңе емес. Балалардың дені сау, сондықтан неге олар бұрын-соңды көрмеген нәрселер жайлы алаңдауы керек?

Сонымен қатар, көптеген ата-аналарда вакцинация балалардағы аутизм мен басқа да қауіпті аурулар тудыруы мүмкін деген алаңдаушылық қалыптасқан. Бірақ, ақиқатында вакцинация аутизмді тудырмайды. Мұны беделді ғалымдар жүргізген көптеген ғылыми зерттеулер дәлелдеді.

Негізі, аутизм көбіне балаға қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы екпе жасайтын кезінде, яғни баланың бір-бір жарым жас аралығында тексергенде байқалады. Сондықтан да бұл жай ғана кездейсоқтық.

Кейбір ата-аналар өздерінің вакцинациядан бас тартуын, олардың құрамында «токсиндер» бар деп негіздейді. Бұл да шындыққа сәйкес келмейді. Бүгінгі таңда біз биоинженерияның тиімді әдістерін қолдана отырып, мұқият тазартылған және дәлдігі жоғары вакциналарды пайдаланамыз.

Дем алатын ауамыздың өзі бізге немесе біздің балаларымызға анағұрлым токсинді болып келеді. Балалар қала көшелерінде бірнеше сағат жүргенен әлдеқайда көп вирустық, бактериялық, химиялық жүктемеге тап болады.

Ағылшын дәрігері Эдвард Дженнердің сегіз жасар балаға шешек вирусын енгізіп, қазіргі вакцинацияның негізін салғаннан бері 200-ден астам жыл өтіп отыр. Осылай өлімге әкелетін қауіпті аурудан қорғануға болатынына көзі жетіп, ол өзінің әдісін адамзат баласының денсаулығына қажетті деп танып, оны вакцинация деп атады.

Алайда, алғашқы күндерден бастап-ақ вакцинацияға қарсылық білдірушілер де табылды. Олар дәрігерлерді алдаумен, зиянкестікпен айналысып жатыр деп айыптады. Ол уақытта мұндайды ортағасырлық надандықпен түсіндіруге болар еді.

Вакцинациялау қаншалықты тиімді және қауіпсіз екенін көрсету үшін, Ұлыбританияның Корольдік жұбы өз балаларына екпе жасап, бірінші болып үлгі көрсетті. Осылайша олар балаларын қауіпті инфекциялардан қорғаған болатын. Содан бері міне, вакцинация жер бетіндегі қаншама миллиардтаған балаларды қауіпті дерттерден сақтап қалды.

Кәсіби емес дереккөздерге сеніп, вацинациядан бас тартқан ата-аналар өз баласының өмірін қауіпке тіге отырып, көптеген адамдар арасында жұқпалы аурулардың таралуына ықпал етеді.

Вакцинация – бұл адамзат баласының ең үлкен жетістіктерінің бірі. Бүгінде ол бәріне қолжетімді және оны болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін пайдалану керек.


Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.


Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.

Тілді таңдау