Жыл сайын әлемде 20 миллионға жуық адамда қатерлі ісіктің диагнозы қойылады, және диагностикадан кейінгі бірінші жыл ішінде оның жартысы қайтыс болады. Қатерлі ісікті емдеу әдістері соңғы 50 жылда түбегейлі өзгерген жоқ: әдетте ол қатерлі ісік жасушаларын хирургиялық жолмен алып тастап, радиациялық сәулемен және уытты дәрілердің әсерімен емді толықтыратын кешеннен тұрады. Жағымсыз әсерлерінің салдарынан бұл емдеу әдістері науқастарда көптеген күйзелістер тудырады.
Соңғы жылдары қатерлі ісікке қарсы шығарылған дәрілердің 95 пайызы іс жүзінде тиімсіз және көбінесе пациенттер үшін уытты болып шықты. Үміт күттіретін нәтижелерді көрсеткен дәрілердің 5 пайызы емделушілердің өмірін орташа есеппен бірнеше айға ұзартады.
Соңғы 35 жылда дамыған елдерде қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 20 пайызға төмендеді. Алайда, бұл емдеу әдістерінің әсерлігінен емес, негізінен ерте диагностиканың арқасында болды. Демек, бұл қатерлі аурумен күресудің ең әсерлі тәсілі - оны емдеуге келетін ерте кезеңде анықтау.
Өкінішке орай, скрининг немесе диагностикалық чекап кезінде ісік белгілері пайда болған немесе ісік табылған кезде, ол әдетте, үздіксіз өсу сатысында анықталады. Мұндай ісіктің тек бір сантиметрінде шамамен үш миллиард жасуша болуы мүмкін. Және бұл қатерлі ісік жасушаларының едәуір көп мөлшері. Оларды қатерлі ісікке қарсы хирургиялық операция мен бүгінгі таңдағы қол жетімді дәрілер мен радиосәулелік емдеу әдістерінің көмегімен жою оңайға соқпайды.
Сондықтан ғалымдар қатерлі ісіктің ең алғашқы белгілерін анықтау технологияларын ойлап табуға тырысуда. Осы бағытта сұйық биопсия деп аталатын әдіс, сондай-ақ молекулярлық диагностика мен жасанды интеллектінің инновациялық технологиялары үлкен үміт арттырады.
Қатерлі ісік жасушаларының ерекшелігі тек олардың үздіксіз өсуінде ғана емес, сонымен қатар олардың тез ыдырап қанға молекулаларының, тіпті ісік бөлшектерінің бөлінуінен ісіктің бар екенін анықтауға болады. Оларды қатерлі ісіктің биомаркерлері деп атайды, және оларға генетикалық құрам бөлшектері (ДНК, РНК), ақуыз молекулалары, сондай-ақ қатерлі ісік жасушаларының бөліктері жатады. Оларды қан мен басқа да биологиялық сұйықтықтардан табуға болады. Заманауи геномдық және иммуногистохимиялық диагностика әдістері осындай молекулаларды өте төмен концентрацияларда анықтауға мүмкіндік береді және қатерлі ісікті ең ерте сатысында қоршаған сау тіндерге айтарлықтай зиян келтірмей түп-тамырымен жойып жіберуге мүмкіндік береді.
Дәстүрлі биопсия тіндердің кесектерін кесіп науқасқа жарақат әкеледі және де жиі кешіктірілген шара болып табылады. Оған қарағанда, аталған рак биомаркерлерін сұйық биопсия әдісімен ерте және жарақатсыз қанда анықтауға болады. Дегенмен, сұйық биопсия әдісімен алынған қан мен биологиялық сұйықтықтарды талдау жүргізу өте күрделі молекулярлық зерттеу әдістерін қолдануды талап етеді. Аталған әдістердің көмегімен алынған диагностикалық деректердің үлкен массивін талдау үшін бүгінде сандық технологиялар, әсіресе жасанды интеллект көмекке келеді. Тұтастай бұл ең ерте кезеңінде қатерлі ісіктерді анықтаудың тиімді технологияларын дамытуға негіз болады.
Мысалы, біздің өміріміздің параметрлерін үнемі қадағалайтын медициналық құрылғыны елестетейік. Ол қауіпті бұзылыстарды, солармен қатар қатерлі ісіктердің пайда болуын дер кезінде анықтайтын болсын. Бұл қатерлі ісік молекулалары белгілерінің пайда болуын үнемі қадағалайтын жүздеген кішкентай биосенсорлар тігілген өзіндік іш киім болуы мүмкін.
Бұл ірине қиял-ғажайып болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, осыған ұқсас нәрсе бүгінгі күні жүкті ананың қанында ДНҚ молекулаларының бұзылғанын анықтау есебінен адам ұрығының генетикалық ауруларының диагнозын қоюға мүмкіндік беруде. Мұндай жолмен Даун синдромын және ұрықтың басқа да генетикалық бұзылуларын қандай да бір манипуляциясыз және араласусыз диагнозын қоюға болады. Неге бұл принципті қатерлі ісіктің ерте диагнозын қою үшін қолданбасқа?
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.
Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.