Жүктелуде...
 

Бас сақинасы: дәрігерлер жаңа дәрі-дәрмектерді ойлап табуда

Бас сақинасы: дәрігерлер жаңа дәрі-дәрмектерді ойлап табуда

translator жұма сәуір 3, 2020


мигрень

Егер сізде немесе жақындарыңызда «Бастың сақинасы» болса – ол көпшілік ойлайтындай жай ғана бастың ауруы емес екендігін білген жөн. Бастың сақинасынан зардап шегетіндер ауруға көне алмайды. Алайда әдеттегідей өмір сүруге тырысады.

«Бастың сақинасы» - қайталанбалы ауру шабуылдарымен сипатталады. Сонымен қатар, бұл дерт - ас-қорыту және тыныс алу сияқты маңызды функцияларды басқаратын автономды жүйке жүйесі жұмысының бұзылуымен сипатталатын неврологиялық ақау болып табылады. Сондықтан бас ауыруы кезінде жиі жүрек айнуып, адамның құсқысы келеді.
Мұндай ауру кезінде науқас басын көтере алмайды. Жұмыс істеу қабілеті төмендеп, адамдармен қарым-қатынас жасауы қиындайды. Науқасқа тіпті жарық, шу, түрлі иістер мен қандай да бір жанасулар жағымсыз әсер етіп, ауруын күшейте түседі.

Әлемде миллиондаған адам бас сақинасымен ауырады; олардың 12 пайызында сақина ұстамалары созылмалы түрде өтеді, яғни бір ай ішінде шамамен 15 күн байқалады. Бас сақинасымен ауыратындар жиі жұмыстан қашатындықтан, оларды сылтау айтады деп айыптайды. Алайда, адамның мазасы кететіні ақиқат екенін ескерген жөн.
Бас сақинасынан зардап шеккендер еңбекке қабілеттілігінің шектелуі оның жалақысына да әсер етеді. Жұмыс берушілердің жағдайы да мәз емес. FUJITSU жапондық IT компаниясының әрбір бесінші қызметкері бас сақинасының ұстамаларына шағымданады екен. Олардың еңбек белсенділігінің төмендеуінен компания жыл сайын 350 миллион доллар көлемінде ақша жоғалтады. АҚШ - та бас сақинасынан компания шығынның мөлшері жылына шамамен 22 миллиард долларды құрайды.

Бас сақинасы дертімен күреске әлі де тиісті көңіл бөлінбей келеді. Оның бірден бір себебі - дәрігерлердің басым бөлігі аталған ауруды елеулі медициналық мәселе ретінде қарастырмайды, сондықтан көптеген пациенттерге тиісті емдеу ұсынылмайды. Бұдан басқа, әлемде бастың сақинасын білікті емдеуге қабілетті дайын мамандар тапшы.
Әрі кейбір науқастар медициналық қызметке жүгінбей, дәрмекті қабылдамай, ауырсынудың өздігінен басылатынына сеніп жүре береді. Алайда, мұндай ұстаным тек ауырсынуды өршітеді және бастың сақинасын емдеуді қиындата түседі. Нәтижесінде, емделушілер қажетті емді қабылдамайды немесе керісінше, ауруды басатын дәрі-дәрмектерді шектен-тыс пайдаланады.

Жоғарыда айтылған жайттардың нәтижесінде кейбір науқастардың ауырсынуы шыдатпайды. Мұндай жағдайда олар ауруханалардың шұғыл көмек көрсету бөлімшелеріне келіп түседі, ондағы жарықтан, шудан бастың сақинасы өрши түседі.

Бастың сақинасын емдейтін дәрілерге әдетте эпилепсияға қарсы қолданылатын дәрі-дәрмектер тобы кіреді. Сондай-ақ, әдетте косметикалық мақсатта қолданылатын ботулин токсині қолданылады. Жиі серотонинді ауыстыратын, жүйке сигналдарын басатын химиялық дәрілер қолданылады. Олар бас сақинасының ұстамаларын алдын алуға немесе жеңілдеттуге көмектеседі.

Жақында, айына бір рет немесе үш айда бір қолданылатын, бас сақинасы ұстамасының алдын алатын жаңа иммунологиялық дәрілер жасалып шығарылды. Олар ауырсыну сигналдарына жауап беретін молекулаларды оқшаулауға қабілетті. Өкінішке орай, мұндай дәрілердің бағасы әлі қымбат.

Сондай-ақ, жақында дәрі-дәрмектерден басқа, нейростимуляторлар сияқты бастың сақинасын емдейтін медициналық құрылғылар ойлап табылды. Олар әлсіз электр сигналдарын тері бетіне шығарып бас сақинасының ауырсыну сезімдерін басады. Мұндай құрылғылар білекке киіледі де, батареялармен қуаттандырылады және әдеттегі смартфондармен басқарылады.

Дегенмен де бастың сақинасының алғашқы симптомдарын дереу емдеп және аурудың пайда болуына әкелетін ықтимал себептерді болдырмау маңызды деп санаймын. Бастың сақинасын тудыратын себептерді анықтауға көмектесетін бас ауруының күнделігін жүргізуді ұсынамын. Содан соң емдеуші дәрігермен бірге осы себептерді жою бойынша жоспар жасауға болады.


Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.


Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.

Тілді таңдау