Жұмыста, көлікте немесе үйде күн сайын үзіліссіз тапжылмай отырудың салдарынан денсаулыққа төнетін қауіптің алдын алу үшін аптасына екі жарым сағат физикалық белсенділік таныту керек. Мұндай қорытынды пікірді Сидней университетінің (Австралия) ғалымдары айтты.
Journal of the American College of Cardiology журналында жарияланған зерттеудің мақсаты ұзақ отыру, физикалық белсенділік деңгейі және ерте өлім, соның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларының арасындағы қатынастарды зерттеу болды. Ғалымдар денсаулыққа төнген қауіптің алдын алуы мүмкін физикалық белсенділіктің қарқындылығы мен жиілігі қандай болуы керектігіне қызығушылық танытты.
Австралиялық зерттеушілер өздерінің норвегиялық және британдық әріптестерімен бірге 45 жастан асқан 150 000-ға жуық адамның өмір салтын зерттеу үшін статистикалық модельді құрды және олардың тоғыз жылын талдады.
Ғалымдардың айтуынша, зерттеудің негізгі идеясы физикалық белсенділігі төмен әсіресе көп, ұзақ отыратын адамдарға бағытталады. Мүмкін болатын теріс әсер ету ықтималдығын азайту үшін отыру уақытын қысқарту жеткіліксіз, күні бойы көп қозғалу үшін жағдай жасау қажет. Бұл әсіресе күнделікті алты сағаттан артық жұмыс істейтін адамдар үшін маңызды.
«Біздің зерттеуіміз бойынша физикалық белсенділігі төмен және тәулігіне сегіз сағаттан артық отыратын, жүрек-қан тамырлар жағынан пробемалары бар адамдарда өлім қаупі, күніне кемінде бір сағатын дене белсенділігін арттыруға жұмсайтын, төрт сағаттан артық отырмайтын адаммен салыстырғанда 107% жоғары екен», - дейді зерттеудің жетекші авторы, Сидней университетінің профессоры Эммануэль Стамакис.
Алайда, ғалымдар анықтағандай, белсенді қозғалысқа күніне бір сағат арнаудың қажеті жоқ. Денсаулығыңызды жақсарту үшін физикалық белсенділікке күнделікті 20-40 минут немесе аптасына 2,5-5 сағат бөлу жеткілікті.
Сондай-ақ, аптасына орташа есеппен 2,5 сағат дене белсенділігін арттыру жүрек-тамыр аурулары мен жалпы өлім қаупін едәуір азайтады немесе тіпті болдырмайды.
«Белсенді болып жүрудің жалғыз жолы тек дене шынықтыру және спортпен шұғылдану емес. Жылдам жүру, жоғарыға баспалдақпен көтеру, жаяу жүріп серуендеу және велосипед тебу деген секілді күнделікті еркін орындалатын физикалық белсенділіктің барлық түрі де пайдалы болып табылады», - деп атап өтті профессор Стамакис.
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.
Мақаланы аударып дайындаған Бағдат Сұлтанбек.
Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.