Йель және Оксфорд университеттерінің ғалымдары адам психикасының саулығы үшін қаржылық жағдайдан гөрі фиизкалық жаттығулардың едәуір маңызы зор екенін айтады. Бұған «The Lancet» журналында жарияланған зерттеудің нәтижелері дәлел бола алады.
Сауалнамаға 1,2 миллионнан астам америкалықтар қатысқан. Қатысушыларға мынадай сұрақтар қойылған: «Соңғы 30 күнде психологиялық проблемаларды, мысалы, күйзеліс, көңіл-күйдің нашарлауы немесе құлазу деген секілді жайттарды қанша рет басыңыздан өткердіңіз» дегендей.
Сондай-ақ, олардан қаржылай табыстары мен физикалық белсенділік дәрежесі жайында айтып беруін талап етті. Респонденттерге көгалды шабудан бастап, бала күтімі мен үй шаруашылығы, ауыр темірлер көтеру, велосипедпен серуендеу немесе жүгіру сияқты 75 физикалық жүктемелер тізімі ұсынылды.
Деректерді талдаған соң, ғалымдар физикалық жаттығуларды тұрақты жүргізген адамдар жылына тек 35 тәулікте ғана өзін нашар сезінгенін, ал пассивті тұрмыс жағдайын ұстанған адамдар психологиялық жайсыздықты одан жиірек, шамамен 53 күндей ұзақтықта сезінгенін анықтаған.
Дегенмен, зерттеулер нәтижесі бойынша жылына 25 000 доллар табыс табатын, алайда спортпен белсенді шұғылданатын адамдар өздерін әлде қайда жақсы сезінетіндігі белгілі болды. Бір белгілі жайт: табыс деңгейі мен физикалық белсенділікті өз дәрежесінде қатар алып жүрген адам өз-өзіне айтарлықтай қанағаттанады екен. Әрине, қаржылық әл-ауқатты арттырып, содан ләззат алғаннан қарағанда, физикалық белсенділіктің әртүрлі формаларын орындап көңіл-күйді жақсарту оңайырақ, әрі оған қол жетімді.
Дегенмен, шамадан тыс жаттығу жасай берсеңіз де одан рахат алуыңыз екіталай. Ғалымдардың пікірінше, денені артық қинау психикаға кері әсерін тигізуі мүмкін.
«Спортпен шұғылданудың ұзақтығы мен ақыл-ой жүктемесінің арасында белгілі бір меже болуы керек», - дейді зерттеу авторы Адам Чекрауд (Йель университетінен).
Ғалымдар пікірлерін қорыта келе, физикалық белсенділік белгілі бір дәрежеде орындалғанда ғана психикалық жағдайды жақсартуға оң ықпал етеді дегенге тоқтадық.
Аптасына үш-төрт жаттығу түрін шамамен 30-60 минут орындап тұрса, сол ең дұрысы болып саналады. Жаттығу залдарында күніне үш сағаттан астам уақыт жұмсайтын адамдар, өздерінің дене-бітіміне риза емес адамдардан қарағанда психикалық эмоциялық күйзелістерге жиі түседі екен. Сондай-ақ, ғалымдар психикалық денсаулыққа командалық спортпен айналысу жеке жаттығудан қарағанда едәуір пайдалы екенін байқаған. Мұның бәрі ортақ мақсатқа ұмтылу, мотивация, сондай-ақ, көпшілікпен қарым-қатынас орнатудың әсерінен болатын жайттар.
Сонымен қатар, велосипед тебу, аэробика немесе фитнеспен шұғылдану сияқтылар командалық спортқа жатпаса да сіздің психикалық денсаулығыңызға айтарлықтай пайдасын тигізуі мүмкін.
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.
Мақаланы аударып дайындаған Бағдат Сұлтанбек.
Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.