Қорғасын – адам ағзасында жиналуға қабілетті улы, салмағы ауыр металл. Қорғасын металының өзіне қарағанда, қорғасын тотығы адам ағзасы үшін қауіпті. Өнеркәсіпте, әр түрлі ашық түсті бояғыш заттар ретінде, типографиялық өндірісте кеңінен қолданылады. Соңғы жылдары, ауыр металлдардың ішінде таралуы және уыттылығы жағынан бірінші орынды алып, бала денсаулығына кері әсер етуінен медицина саласында маңызды мәселердің біріне айналып отыр. Қорғасын және оның қосылыстары политропты у болып саналады, яғни ағзадағы көптеген мүшелер мен жүйелерге әсер етіп, ферменттік реакциялар, дәрумен алмасуының бұзылысы мен адамның иммундық қасиетінің төмендеуіне әкеледі.
Қазақстанның бірнеше қалаларында, әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент, Алматы, Қызылорда қалаларында қоршаған ортаның қорғасынмен ластануы, сондай-ақ өндірісте оның жиі қолданылуы балалар денсаулығына қауіпті әсерін тигізуде. Қазіргі уақытта бұл техногенді аурулардың алдын алу мақсатында балалар ағзасына зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, балалар ересектерге қарағанда қорғасынды 5 есе көбірек жұтады.
Себебі, балалардың, әсіресе мектеп жасына дейінгі балалардың жүйке жүйесі даму үстінде болғандықтан, қорғасынның зиянды әсеріне сезімтал болып келеді, соның салдарынан ақыл-ес кемістігі байқалады. Қорғасын ағзаға тағам қабылдау және тыныс алу арқылы еніп, көптеген мүшелерде жиналып, ең алдымен, жүйке жүйесін, тыныс жүйесін, жүрек-қантамыр жүйесі мен сүйек тінін зақымдайды.
Баланың қорғасынмен улануы мына заттарды қолданудан болады:
● Бояу немесе пластик құрамында қорғасын бар кейбір импортты ойыншықтар;
● Металлдан жасалған балалар әшекейлері, амулеттер;
● Қорғасынмен ластанған топырақ немесе шаң;
● Қорғасынмен ластанған топырақта өсетін ауыл-шаруашылық өнімдері (жеміс-жидектер, көкөністер);
● Қорғасын шынысынан жасалған ыдыстар;
● Кейбір косметикалық заттар, бояулар;
● Құрамында қорғасын металы бар су өткізетін құбырлардан ағатын ауыз суды пайдалану;
● Радиатор жөндейтін, керамика дайындайтын, құрылыс саласында жасайтын жұмысшылар қорғасынмен байланыста болып, киімдері арқылы үйге де тасуы мүмкін.
Қорғасынның бала денсаулығына кері әсерін зерттеу Шымкент қаласында жүргізілген. Зерттеуге мектеп жасына дейінгі балалар (6-7 жас) және мектеп жасындағы балалар (14-16 жас) қатысқан. Оларды 2 топқа бөліп, қанындағы қорғасын деңгейін анықтаған.
1 топ – 6-7 жас аралығындағы – 50 бала;
2 топ – 14-16 жас аралығындағы – 52 бала.
Зерттеуге қанды алар алдында ата-анасынан жазбаша келісім алынған. Жүргізілген қан талдауының нәтижесінде 6-7 жас аралығындағы балаларда қорғасынның жоғары мөлшері көбірек кездескен.
Қандағы қорғасын деңгейі 10 мкг/дл мөлшерден 20 мкг/дл дейін жоғарылауы, ақыл-ес кемістігінің төмендеуіне алып келетіндігі дәлелденген. Олар тез ашуланғыш, ренжігіш келеді, мінез-құлқында өзгерістер байқалады. Жаңа нәрсені игеруі қиындап, назар жетіспеушілік синдромы дамиды, мектепте оқу үлгерімі нашарлайды. Қандағы қорғасынның жоғары мөлшері бас ауыруын, естудің жоғалуын, бас миының зақымдалуын, анемия және команы шақырады.
Қорғасынның бар жоғын анықтаудың тәсілі – қандағы қорғасын деңгейіне талдау жүргізу. Ол үшін баланы ерте жаста, яғни 12 ай және 24 айлығында тексеру қажет. Тексеруден өтпеген 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға да тексеру жүргізу қажет.
Қорғасынмен уланудың алдын алу шаралары:
✔ Баланы тамақтандыру, ұйықтату алдында және ойнағаннан кейін беті мен қолын жиі жуу;
✔ Ойыншықтарды, еденді, терезені, үстелді жиі арнайы жуғыш затпен сүрту;
✔ Балаларға құрамында чили бұрышы мен тамаринд бар импортталған конфеттер, дәмдегіш заттар бермеу;
✔ Баланы сыртта топырақ көп жерлерде ойнап қалуына жол бермеу;
✔ Баланы кальций, темір, С витаминіне бай тағамдармен ретті, кешенді түрде тамақтандыру;
✔ Крандағы салқын суды пайдаланар алдында 1-2 минут бойы ағызу;
✔ Отбасындағы бір адамның қорғасынмен байланысы бар жұмыста жасайтын болса, үйге кірер алдында жұмыс киімін шешіп, бөлек қойып тазалау қажет;
✔ Үйге пайдаланатын бояуды таңдар алдында, оның қауіпсіздігіне, құрамында қорғасынның болмауына назар аудару;
Қорғасынның қосылыстарының бала денсаулығына қауіпті екендігіне мән беріп, олардан сақтанудың жолдарын ескеріп, осы шараларды сақтаған жөн. Ұлт болашағы – дені сау ұрпақ. Сондықтан, балалардың денсаулығын сақтауда оларға әсер ететін техногенді қауіп-қатердің алдын алу – ортақ мәселе.
ЖТД 7 курс интерні: Карасаева Асель Талгатқызы
Ғылыми жетекшісі: Нұрақыш Сауле Тоқтарбайқызы
«С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университеті», Алматы қ., Қазақстан