Жүктелуде...
 

COVID-19: оны алдын алуда және емдеуде қандай жаңалықтар бар? Академик Вячеслав Локшиннің профессор Алмаз Шарманмен сұхбаты

COVID-19-дың алдын алуда және емдеуде қандай жаңалықтар бар? Ауру барысында иммундық жүйеге не болады, цитокин дауылынан туындаған коронавирустық инфекция мен қабынуды қалай емдейді? Осы және басқа да көптеген сұрақтар турасында академик Вячеслав Локшиннің медицина профессоры Алмаз Шарманмен сұхбатын ұсынып отырмыз.

COVID-19: оны алдын алуда және емдеуде қандай жаңалықтар бар? Академик Вячеслав Локшиннің профессор Алмаз Шарманмен сұхбаты

translator дүйсенбі қараша 23, 2020


Intervyu S Lokshinom

COVID-19-дың алдын алуда және емдеуде қандай жаңалықтар бар? Ауру барысында иммундық жүйеге не болады, цитокин дауылынан туындаған коронавирустық инфекция мен қабынуды қалай емдейді? Осы және басқа да көптеген сұрақтар турасында академик Вячеслав Локшиннің медицина профессоры Алмаз Шарманмен сұхбатын ұсынып отырмыз.

Сұхбаттың толық видеонұсқасын келесі сілтеме арқылы тамашалай аласыздар: https://youtu.be/kuqfkHY-D1g

Профессор Локшин: Алмаз Төрегелдіұлы, карантин кезінде сіз Жаңа Зеландия, Австралия, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ және Германия мамандарымен кездестіңіз. Бұл әрине баға жетпес тәжірибе. Осы мамандардың көпшілігі белгілі қазақстандық академик Т. Шармановтың 90 жылдығына және ҚазҰМУ-дың 90 жылдығына орайластыра өткен халықаралық конференцияда баяндамаларын жасаған болатын. Осыған орай, мынадай сұрақ туындайды: бізге коронавирустық инфекияның алдын алу, оның диагностикасы, емделуі жайлы қандай тың мәліметтер белгілі болды?

Профессор Шарман: Біздің білгенімізге қатыстыны мен екі бөлімге бөлгім келіп отыр. Осыдан он ай бұрын, 7-ші ақпанда, пандемия жайлы аздаған адамдар біле бастаған кезде, мен мақаламды жариялап және теледидарда сөйлеген едім. Онда әлемді пандемия өршіп келе жатқанын, оның белгісіз вируспен байланысты болатынын, оны болдырмау үшін маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, түшкірген кезде ауызды жауып, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ жүріп қарапайым ғана нәрселерді ұстану керектігін ескерткен едім.Бұл шаралардың барлығы да денсаулық сақтау шаралары деп аталады. Одан да басқа дәрі-дәрмектер мен вакциналар жасайтын технологиялық шаралар бар. Қоғамдық шаралар өзгеріссіз қалады, дегенмен инфекияға қарасты түсінік айтарлықтай өзгерді.

Бүгінде біз коронавирус жай ғана респираторлық инфекция емес екенін түсіне бастадық. Біз COVID-19-дың тыныс алу жүйесіне әсер етіп, оның қабынуын тудыратындығын білеміз ғой. Бүгінгі әңгімемізде біз вирустың тізбекті рекациясын, иммундық жүйеміз өз ағзасын бұза бастауы («цитокин дауылы») жайлы айтпақпыз.

Профессор Локшин: Яғни, ағза өзін-өзі қорғауға тырысады, сонымен бірге ол өзін-өзі жояды.

Профессор Шарман: Бұл жаңа құбылыс емес. Мұндай жағдай кейбір ревматикалық ауруларда болады – жүйелі қызыл жегі, ревматоидты артритте. Бізді қорғауы тиіс иммундық жүйе кенеттен ағзаның ресурстарын оған қарсы пайдалана бастайды. Мұны тежегіші істен шыққан көлікке салыстыруға болады. Мұндай құбылыс әлі де аз зерттелген, сондықтан бұл процессті түсіну бастапқыда қиынға соқты. Емдеу тәсілі де осыған байланысты.

Аурудың алғашқы кезеңінде-ақ (симптомдардың байқалуынан кейінгі алғашқы күндер) вирустың өзімен күресіп – вирустың күшін азайту керек. Екіншіден, цитокин дауылының тізбекті рекациясын қалай тоқтатуға болатындығын түсіну маңызды, яғни, ағзада бөгде вирустың енуіне дененнің рекациясын бәсеңдету (қабынуды тоқтату). Ғалымдар мұны енді-енді түсіне бастады.

Цитокиндер – бұл қорғаныс үшін иммундық жүйе шығаратын молекулалар, олар бактериялар мен вирустар түскен кезде ағзаның қорғаныс реакцияларын реттеуге көмектесетін делдал ретінде әрекет етеді. Егер біз цитокиндерді оркестр деп елестетін болсақ, онда олардың аспаптарының құлақ күйі дұрыс келтірілмеген, сондықтан да олардан түсініксіз әуендер шығатын болады. Тамырлардың өткізгіштігі нашарлайды, қабыну пайда болады, қан қоюланады – жай ғана нейтрофилдерден тұратын қан ұйығыштары емес – бұл қабынуды тудыратын қан жасушалары, бұл қабынған тромб.

Мамыр-маусым айларының бірінде мамандар мұнымен қалай күресуге болатындығын, қабынуға қарсы дәрі-дәрмектер қажет екенін және олардың бірі дексаметазон екенін түсінді. Оксфорд ғалымдары зерттеу жүзгізу барысында, бұл препарат коронавирус салдарынан болатын өлім-жітімді 30 пайызға азайтатынын анықтады. Дексаметазон әлгі сол «цитокин дауылын» басады.

Профессор Локшин: Бірақ ерте кезеңдерде «цитокин дауылы» болмай тұрып, егер біз дексаметазон тағайындасақ, онда вирусты күшейтіп алмаймыз ба?

Профессор Шарман: Дұрыс айтасыз. Бұл жерде қырағылық қажет. Дексаметазонды ерте беруге болмайды, сонымен қатар оны кештетіп беруге де болмайды. Дәрігер әр пациентке жекелеп бұл препаратты қашан тағайындау керектігін нақты анықтап, дозасы мен дәрімен емдеу ұзақтығын белгілеуі керек.

Профессор Локшин: Белгілі бір көрсеткіштер бар ғой – ақуыз бар, интерлейкин 6, олар «дауылдың» қаншалықты қатты болатынын көрсете алады.

Профессор Шарман: Интерлейкин 6 – бұл дәл құбылыстарды тудыратын цитокиндердің бірі ғана. Интерлейкин 1 дене қызуының жоғарлауын тудырады, мұнымен де күресуге болады, бұл интерлейкинді басатын тиісті дәрілер бар.

Дәрігер үшін ең бастысы – зиян тигізбеу. Өйткені, дәрі-дәрмкті ерте тағайындауға да, кеш тағайындауға да болмайды. Клиникалық ойлау мен әр науқасқа жеке көзқарас қажет. Сондықтан да қазіргі уақытта медициналық қауымдастық алдында үлкен сын-қатерлер күтіп тұр, себебі біз бірнеше айға созылуы мүмкін (бас ауруы, қант диабеті және ішектің бұзылуымен жүретін) ковидтен кейінгі синдром секілді зерттелмеген құбылыстардың куәсі болып отырмыз.

Профессор Локшин: Иә, қант диабеті мүлде сау адамдардан анықталуда.

Профессор Шарман: Мұндай жағдай болып жатады, себебі вирус көптеген кішкентай тамырлар – капилярлар бар мүшелерді зақымдайды. Бұл өкпе, бүйрек шумағы және ұйқы безі. COVID-19 – бұл көп жүйелі ауру. Біреулерде асқазан-ішек жолдарының мүшелері зардап шегіп жатады. Қазір онымен күресу қиын.

Өйткені, иммунитет иммундық жасушалармен және интерферон деп аталатын затпен анықталады. Коронавирус белгілі бір себептермен интерферонның шығуын мақсатты түрде басады екен. Қазір бұл механизм егжей-тегжейлі зерттелуде – неге кейбіреулер бұған сезімтал, ал басқалары болса жоқ. Айтпақшы, жарғанаттарда интерферон көп, сондықтан да олар коронавирусқа төзімді келеді. Олар және де осы вирустың тасымалдаушылары – резервуар секілді. Сондықтан да қазір кейбір ғалымдар жарғанаттардағы интерферондардың механизмдерін зерттеп жатыр.

Профессор Локшин: Мүмкін дәрі жасауға да болатын шығар?

Профессор Шарман: Дұрыс айтасыз. Біз интерферонды жақсы білеміз, бір кезінде оны мұрынға да тамызған едік. Бірақ, қазір ағзаның интерферон түзілуін күшейтетін механизмдер зерттелуде. Коронавирус интерферонды мақсатты түрде басады, бірақ та белгілі бір себептермен цитокиндік компонентіне тимейді. Ол табиғи қорғанысты басады, бірақ өз ағзасына соққы бере бастайтын цитокин дауылын әлсіретеді.

Шындығында, қазір бәріміз инфекциядан қорғану тұрғысынан өзімізді қалай ұстау керектігін білеміз, бірақ көбісі бұл шараларды орындамайды. Ковид кезіндегі шаршауды желеу етіп, адамдар маска тағуды қойды, көптеп жиналуды жалғастыруда, бұл әсіресе жабық жерлерде өте қауіпті.

Профессор Локшин: Және оның үстіне көптеген адамдар жақындарын жоғалтқанына қарамастан. Адамдар қайтадан мейрамханаларда жүр. Мұндай жағдайлар Еуропада да байқалады. Ал, содан соң барлық кінәні денсаулық сақтау ұйымына артып жатады.

Профессор Шарман: Мен екінші толқын туралы тамыз айында ескерткен болатынмын. Суық түсе бастаған кезде, адамдар әдетте желдетілмейтін орындарда отырады, бұл вирус пен инфекцияның айналымының нағыз тарайтын ортасы.

Сондықтан да қарашаның басынан бастап өсім болады деген болжам болды. Біз қазір оны Чехия мен Бельгиядан байқап отырмыз. Сонымен бірге, ондағы денсаулық сақтау жүйесі алдын ала төсек-орындарды дайындаған болатын.

Қазіргі уақытта біз коронавирустық инфекциямен қалай күресуге болатындығын және де қандай дәрі-дәрмектерді қабылдау керектігін анағұрлым жақсы білеміз.

Профессор Локшин: Бастапқыда адамдар бірден антибиотиктерді сатып ала бастады, ал менің дәрігер-әріптестерім осындай емделуден кейінгі ауыр гепатиттердің орын алуын айтқан еді. Бүгінде антибиотиктер емделудің ең соңғы кезеңінде ғой, солай емес пе?

Профессор Шарман: Антибиотиктер тағайындау орынсыз, себебі бұл вирустық ауру. Неліктен азитромицин әсерлі болғанын ешкім білмейді. Бұл бактериялық инфекция емес қой.

Маусым айында Нью-Йорктегі Mount Sinai клиникасындағы әріптестерімізбен емдеу хаттамаларына байланысты хабарласқанымызда, олар да осы сұрақты итальяндық дәрігерлерге қойғанын айтты. Нағыз жетістік дексаметазон мен антикоагулянттарды қолдану механизмдерін түсінуден кейін болды. Бұл алға жылжудағы үлкен серпіліс еді.

Профессор Локшин: Ресейлік теледидар да өте үлкен әсерін тигізді. Малышева кардиологтармен бірлесіп Қазақстандық көрермендерге арналған хабар жүргізді. Жақында мен оның Инстаграм парақшасында оның адамдарға толы болуына қатысты клиникаларға бармау жайлы және де антикоагулянттарды ішуге болмайды деген кеңесін оқыдым. Менің ойымша, көп нәрсе түсінушілікке байланысты сияқты. Мысалы, антикоагулянттарды үйде қабылдау бола ма, өйткені оның инсульт, инфаркт сияқты жанама әсерлері бар ғой.

Порфессор Шарман: Антикоагулянттар қанның қоюлануы мен тұтқырлығын төмендетуге бағытталған препарат екенін түсініп, бірақ мұны көрсеткіштерге сәйкес қатаң түрде қолдану керек. Ал асқынуларды алдын ала болжау оңайға соқпайды, өйткені ішкі қан кетулер басталуы мүмкін.
Кез-келген дәрі-дәрмектің у екенін есте ұстағанымыз жөн. Дексаметазонда тура сондай, қажеттіліктен қолданады. Егерде мен мамыр-маусым айларында қажеттілік туындаса туыстарымды қалай емдеу керек деп уайымдасам, қазірде менде қалыпты түсіністік бар. Бұл дерттің 2020 жылдың қаңтарына дейін болмағанын ұғынғанымыз жөн. 2012 жылғы SAPS және MERS мүлде басқа жолмен өткен еді.

Профессор Локшин: Осыдан бірнеше күн бұрын мен профессор Радзинскиймен әңгімелескен едім, ол маған SAPS және MERS кезіндегі пневмониясы жүкті әйелдерді қазаға ұшыратып, өлім-жітімнің 40 пайызға жеткенін және бұл вирус әлдеқайда қатерлі екенін айтып еді. Жақында, Lancet-те клиникалар коронавируспен күресу үшін қайта жасалып, көптеген науқастар өздерінің негізгі ауруларына ем ала алмауы салдарынан болған өлім-жітімге COVID-19-дың жанама әсері болғаны жайлы мақаланы оқыдым. Бұл денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар үшін де маңызды сұрақ, себебі көпшілігіне шұғыл оталар жасалуы керек болды.

Профессор Шарман: Иә, осы кезеңде үлкен абыржу болды және бұл жайында «COVID-19-бен күресте алғашқы медициналық-санитарлық көмектің рөлі» атты конференциясында да нақтырақ айтылды. Көптеген емханалар мен ауруханалар жұмыс жасамай, адамдар қайда жүгінетіндерін білмей қалды. Қазір барлығы да бастапқы кезеңде болуы керек деген түсінік бар, емханаларда дәрігерлер пациенттерді қабылдап, емдеуге дайын.

SAPS және MERS-қа қатысты келетін болсақ, онда өлім деңгейі жоғары болды. Ол уақытта мен Оңтүстік Кореда болғанмын, ол жерде бұл көрсеткіш 35 пайызға жетті. Ондағы адамдар осы вирустан біршама қаза болып жатқандарын, қатты ауырғандарын көріп, маска тағып, инфекцияны одан әрі таралуына жол бермеді. Сондықтан олар оны тез арада жеңе алды. Қазір вирус тым залым болып тұр, өйткені адамдар инфекцияны симптомсыз жолмен де тарата алады.

Профессор Локшин: Сізге жаңа оқу жылы басталғалы 590 мектеп оқушыларының коронавируспен ауырғаны туралы мәлім шығар? Бұл жайында кеше Tengrinews-те ақпарат шыққан болатын. Сізге де мектептерді ашудың қажеті бар ма деген сұрақ қойған болар?

Профессор Шарман: Мұның екі жағдайы бар. Бірі – ересектерге қарағанда он екі жасқа дейінгі балалар коронавирусты анағұрлым сирек жұқтырады. Бұл әртүрлі себептерге байланысты болады.

Мысалы, Стэнфорд университетінің профессоры Лоуленс Штейманның айтуынша, оның себебі балалар басқа коронавирустық инфекцияны жиі жұқтырады, сондықтан да олардың иммунитеті тоғыспалы екен. Тіпті олар инфекцияны жұқтыруды ересектерге қарағанда әлдеқайда жеңіл өткереді. Сондықтан да мұндай кезде саналы шешім қабылдаған дұрыс, өйткені қашықтықпен оқытудың да психологиялық ықпалы бар. Мысалы, үйдегі зорлық-зомбылық, құрдастарымен араласа алмауы. Көптеген елдерде (мысалы, Жапония, Бельгия) мектептерді аса жаба қоймады.
Бұл мәселе қазірде жиі егжей-тегжейлі зерттеліп жатыр, алайда бірыңғай көзқарас жоқ.

Профессор Локшин: Бүгінгі күні көпшілікке тұмау вирусына және де егде жастағы адамдарға пневмококк инфекиясына қарсы екпе жасатуға шақыруда. Бұл екпелердің пайдасы бар ма?
Профессор Шарман: Бұл адамның өзі үшін маңызды, өйткені егер ол коронавирустық инфекциямен ауырса, жағдай нашарлауы мүмкін. Бұл қоғамдық денсаулық сақтау тұрғысынан да маңызды. Себебі, адамда симптомдар байқалса, ол тұмау ма әлде коронавирус па анықтау қиынға соғады.

Жер шарының моңтүстік бөлігінде олар біз кіріп келе жатқан кезеңнен өтіп үлгерді. Австралия, Жаңа Зеландия елдерінде тұмау өте аз. Себебі тұмау үшін де, коронавирус үшін де алдын алу шаралары бірдей.

Профессор Локшин: Ал Жаңа Зеландияда олар коронавирусты жеңе алды ма?

Профессор Шарман: Бастапқыда олар вирустың алдын алуды ғана емес, оны жоюды міндет етіп қойды. Олар аралда тұрады. Бірақ дәл осындай жағдай Моңғолия,, Вьетнам, Тайваньда болды. Мұнда көптеген факторлар бар. Тұмау бүкіл ғаламшарды кезіп жүр. Бірқатар елдер локдаунға жабылып қалған кезде тұмауға барар жер қалмады. Сондықтан, карантин тұмауды да, коронавирусты да азайтты. Өз басым тұмауға қарсы екпе салдырттым.

Профессор Локшин: Вакциналарды жасап шығарудың болашағы туралы Сіз қалай ойлайсыз? Осындай қысқа мерзімде вакцина әзірлеуге бола ма?

Профессор Шарман: Технологиялық тұрғыдан мүмкін. Бірақ мәселе вакцинаның қаншалықты қауіпсіз екендігінде. Бұл клиникалық зерттеулерді қажет етеді. Әдетте біз клиникалық зерттеулердің үш фазасы туралы айтамыз. Сынақ кезінде жанама әсерлер білінгенде Johnson & Johnson мен AstraZeneca компаниялары клиникалық сынақтарды тоқтатқан болатын. Бұл сенімділік тудырады. Демек олар бұған байыпты қарайды.

Қазір әлемде 200-ге тарта зертхана бар, олар вакиналарды дайындаумен айналысуда. Бірақ, біраз елдер осы кезеңде-ақ вакциналарды кейбір зертханалардан сатып алған. Логистика да маңызды мәселе болып табылады. Егер вакцинаны тез дайындауға болатын болса, онда оларды жеткізу мәселесі туындайды. Сондықтан да мұның барлығы, ұжымдық иммунитетін қалыптастыру мәселесін қоса алғанда келесі жылдың соңына дейін созылады.

Профессор Локшин: Сондықтан, қазір бізде бір ғана жол бар – ол гигиена, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, сондай-ақ үлкен іс-шараларды кейінге қалдыру.

Профессор Шарман: Біз мұны шілде айында байқадық, карантин аяқтала саласымен көпшілік жаппай іс-шаралар өткізуге асықты, бұл әрине аурудың өршуіне әкеп соқты. Мұндай жағдайдың енді қайталанғанын ешкім де қаламайды.

Менің танысым, CNN-дегі танымал жүргізушісі Sanjay Gupta бірде: егер коронавирус қарттар мен әлсіздерді емес, балалар мен жастарға зиян келтірсе, біз міндетті маска киіп жүрер ме едік, әлеумет өзін қалай ұстар еді деген сұрақ қойып еді. Сондықтан егде жастағы адамдарды құрметтеу мәдениеті бар елдерде ешқандай да күрделі проблемалар жоқ, олар қалай маска тағып жүрді, солай тағып келеді. Еуропа мен АҚШ-та мүлдем басқа жадай байқалады.

Кейде мен таныстарыммен кездескен кезде олардың көзінше маска тақсам, көбі маған: сен мені ауру деп ойлайсың ба, әлде маған сенбейсің бе деген сұрақтар қояды. Мен оларға бұл сұрақты басқа сөзбен: егер мен ауырып, сізді қорғау үшін маска тағып алсам ше деп айтамын. Мен сіздерді қорғау үшін өзімді коронавирус жұқтырған сияқты әрекет етемін.

Әр кеселдің басы мен соңы болады. Көп нәрселерді біз білмедік, өйткені бұрың-соңды мұндай жағдайлармен бетпе-бет келмедік.

Сізге бір сұрағым бар. Егерде Алматының орталығына үлкен билборд орнатып, оған коронавирусқа байланысты үндеу жазу керек болса, сіз не деп жазар едіңіз? Айтпақшы, бұл сұрақты мен өзімнің көп таныстарыма қоямын.

Профессор Локшин: «Біздің болашағымыз бар» деп жазар едім.

Профессор Шарман: Әлбетте, адамзат баласы 1918 жылы осыған ұқсас жағдайды бастан кешкен еді. Ол кезде әрі соғыс болды. Бірінші толқыны өтіп, тұмаудың екінші толқыны күштірек болды. Содан соң бәрі өткеріліп, ғылым өркендей бастады. Обадан кейін сияқты. Сондықтан мұның бәрі аяқталатынын және де осыдан кейін бізді жаңа кезеңдер күтіп тұрғанын түсінуіміз керек. Қазірде көпшілік биомедицина мен ғылымның қажет екенін ұққандай.


Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.

Тілді таңдау