COVID-19-дың ауыр фазасын өткерген көптеген науқастар уақыт өте әлсіздік, тез шаршағыштық, тұрақты ентігу, жөтел, сондай-ақ сананың бұлыңғырлануы мен есте сақтау қабілетінің бұзылуы сияқты симптомдарды сезінуді жалғастыруда. Мұны ковидтен кейінгі синдром деп атайды.
Созылмалы ағымдағы COVID-19-ды өткеріп жатқан науқастар қалыпты физикалық белсенділікке біртіндеп, сақтықпен оралуы керек. Бұл асқынуларды болдырмай, күш-қуатты кезең-кезеңмен жұмылдыруға мүмкіндік береді.
Тынығуға және мезгіл-мезгіл демалуға жеткілікті уақытты қамтамасыз ете отырып, әдеттегі серуендеуден бастауға болады. Бұл жерде жүрісті жылдамдатып ентігу жағдайына жеткізбеңіз.
Коронавируспен ауырып шыққан көптеген науқастар кейін эмоциялық тұрғыдан жүдейді. Бұл нашар көңіл-күйге, ұйқының бұзылуына, өзі мен жақындары үшін қатты алаңдаушылыққа әкеп соғады. Жаман ойлардан бар тартып, жағымды көңіл-күйде болу өте маңызды.
Ол үшін жағымсыз эмоцияға толы жиі кездесетін жаңалықтар бағдарламарын қарауды шектеп, уақытша әлеуметтік желілерден алшақ болған жөн. Жақын дос-жарандарыңызбен шынайы тілдесіп, көріскен әлдеқайда пайдалы. Көңілді және жайлы нәрселерді жасауға тырысыңыз, мысалы қызықты кітаптарды оқу немесе оптимисттік көңіл-күй сыйлар фильмдерді көру.
Ойларыңызды сіздің сауығуыңызға септік ететін нәрселерге аудару қажет, мысалға, жеткілікті мөлшерде таза су ішу және дұрыс тамақтану сияқты.
Денеге күш беріп, қалыпқа келуге септік ететін тамақтану туралы айтар болсақ, ең алдымен ағзамызға аса маңызды болып табылатын – ақуыздарға бай тағамдар жөнінде тоқталамыз. Бұл тағамдарға ет, балық, жұмыртқа, бұршақ және жаңғақ жатады. Бұл жағдайда қызыл еттерден аулақ болған жөн, оның орнына құс пен балыққа «ауыз салу» керек.
Сүт өнімдері, әсіресе оның ішінде ашытылған сүт күш-қуатты қалыпқа келтіруде өте пайдалы. Олар тек пайдалы ақуыздарға бай емес, сонымен бірге ішек микрофлорасын байытады, өз кезегінде бұл иммундық жүйені нығайтуға көмектеседі.
Тіпті жаңа піскен жемістер мен көкөністермен тамақ рационын байыту өте маңызды болар еді. Олардың құрамында иммундық қорғанысқа қажетті көптеген дәрумендер мен микроэлементтер бар, сонымен қоса күш-қуат жинауға, тез сауығуға ықпалы зор.
Жидектер мен жүзімдер өкпенің саулығына өте пайдалы болып шықты. Джон Хопкинс университетінің ғалымдары 10 жыл ішінде 463 ересек адамдардың өкпесінің денсаулығына әсер ететін нәрселер жайлы зерттеген екен. Оларға сауалнама беріліп, онда олар ішкен тамақ өнімдерін мезгіл-мезгілмен жазып отырған. Онымен қатар, дәрігерлер олардың өкпелері қалай жұмыс істейтінін бақылаған. Бұл спирометрия деп аталатын әдісті қолдану арқылы жасалған. Ол терең тыныс алғаннан кейін 1 секунд ішінде қанша ауа шығарылатындығын білуге мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш өкпенің саулығын сипаттайды.
Белгілі болғандай, жидектер мен жүзімді жеткілікті мөлшерде тұтынған қатысушылардың тыныс алулары басқаларға қарағанда жақсы болған. Бұл жемістердің антиоксиданттары мол және қабынуға қарсы күшті әсерге ие.
Антиоксиданттар неғұрлым көп болса, соғұрлым өкпенің жұмысы жақсарады. Бұл шылым шекпейтіндер мен шылым тастағандарға қатысты, ал жаман әдетті жалғастырушыларға көмегі жоқ екенін атап өткен жөн.
Менің кеңесім қандай? Бұл ғылыми тұжырымдар бізге сүйікті жидектер мен жүзімді рахаттанып пайдалануға себепші болып отыр. Сонымен қатар, кез-келген түрде – жаңа піскен күйінде, кепкен, мұздатылған түрінде болсын олар кез-келген диетаға керемет қосымша бола алады. Таңқурай, бүлдірген, құлпынай, қаражидек –керемет тәтті дәмінен басқа, олар қабынуға қарсы күшті әсерге ие және де жүрекке пайдалы тағамдық талшықтың жақсы көзі болып табылады. Олар иммундық жүйені нығайтуға көмектесетін флавоноидтар мен каротеноидтарға бай.
Жүзімге келетін болсақ, олардың құрамында ресвератрол деп аталатын өте маңызды антиоксидант бар. Бұл ресвератрол зиянды тотығуды шектеу арқылы біздің жасушаларымызды тиімді қорғайды.
Келесі мақаламда мен сіздерге тыныс алу жаттығуларының көмегімен өкпенің қызметін қалпына келтіруді, қан айналымын және ағзаның өмірлік қызметін қалай жақсартуға болатынын айтып беремін.
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.
Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.