Принстон универитетінің нанотехнология инженерлері үшөлшемді баспа (3D) көмегімен сиыр жасушалары мен күміс нанобөлшектерінен тұратын құлақты басып шығарды. Өнертабыс қарапайым адамның құлағы ешқашан ести алмайтын радио сигналдар мен жиіліктерді қабылдауға қабілетті.
Зерттеу тобы құлаққа электронды құрылғыны имплантациялаудың орнына, органика мен технологияны біріктіруді ұйғарыпты. Ғалымдар 3D баспаға гидрогельді – органикалық маталар инженериясы саласының негізгі құрылыс материалы болып табылатын және сиыр жасушаларынан тұратын полимерді қолданған. Инженерлер ішкі құлақты алмастыратын қондырма антеннаны жасау үшін жасушаларды күміс нанопластиналарымен біріктіріпті. Өсуіне қарай сиыр жасушалары электроникаға сиып кететін шеміршекке айналған екен.
Көпшілігі бұл құрылғыны ұсқынсыз санап, Фредди Крюггердің жоғалған құлағына ұқсатуы мүмкін. Алайда, аталмыш құрылғы адамның құлағы ести алмайтын радиожиіліктерді қабылдай алады. Зерттеушілердің пікірінше, мұндай құрылғыны құру – «киборг-адамдарға» қосалқы бөлшектер жасаудың алғашқы қадамдарың бірі болып табылады.
Ғалымдар жуық арада мұндай құрылғыларды адамдарға имплантациялауды жоспарлап отырған жоқ, бірақ мұны теориялық тұрғыдан мүмкін деп сендіруде. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл құрылғыны адамның нерв ұштарына есту аппараты сияқты қосуға болады.
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.
Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.