Осыдан тура 5 жыл бұрын, 2015 жылдың мамырында, қазақ даласында бұрын-соңды болмаған оқиға орын алды. Мен оны қазіргі коронавирустық пандемиямен салыстыруға болады деп санаймын. Сол кезде әлемдегі ақбөкен популяциясының үштен екісі қырылып қалды. Оның себебі pasteurella multocida деп аталатын бактериядан болды. Бұл бактерия мыңжылдар бойы ақбөкендердің денесінде зиянсыз өмір сүрген болатын, ал сол жылы кенеттен агрессивті түрде әсер еткен еді.
Соңғы жылдары парниктік газдардың сыртқа шығарылуына байланысты қазақ даласы әлдеқайда жылы және ылғалды болды. Бұл біздің өз іс-әрекеттерімізбен климатты өзгерткен кездегі ең сұмдық қиянатымызға жауап болды. «Мылтықтың шүріппесі басылып», атылған оғы бактерия түрінде ақбөкендердің жаппай өлуіне әкелді.
Ғалымдардың пайымдауынша, жер шарының көптеген бөліктерінде, осы ғасырдың аяғында жарты градусқа дейін температураның көтерілуі күтілуде. Температураның күрт өзгеруі қауіпті бактериялар мен вирустарды туғызып және олардың мутациялануына септік етіп, жаңа эпидемияға, пандемияға алып келеді.
Адамдардың іс-әрекеті, біздің өмір салтымыз қазіргі пандемияға еріксіз әкеп соқты. Адамзат өркениеті жолдарды, ауылшаруашылық фермаларды, зауыттар мен кен өндіру карьерлерін салу арқылы қоршаған табиғатқа баса-көктеп кірді. Осылайша жабайы жануарлардың тіршілік ету ортасын қиратып, оларды адамдарға жақындауға мәжбүрледік. Сонымен қатар, вирустардың 70-ке жуық пайызы жануарлардан шығатын көрінеді.
Адамның экономикалық қызметінің нәтижесі климаттың өзгеруі болып табылады, бұл адамда бұрын жабайы жануарларға ғана тән вирустар мен бактерияларды жұқтыру ықтималдығының едәуір артуына әкеледі.
Қазіргі коронавирус та осылай болды, ол ғасырлар бойы жарқанат ағзасында бейбіт өмір сүрген болатын. Дәл осы жануарлар коронавирустар үшін өте оңды инкубатор болып табылады, ол жаһандық жылу жағдайында мутацияға ұшырап, адамдар үшін агрессивті бола бастады.
Жарқанаттардың тіршілік ету ортасына басып кіру нәтижесінде, олар адамдармен тығыз өмір сүруге мәжбүр болды. Қытайдың Ухань қаласындағы болған сәтсіз вирустық материалдармен алмасу осының кесірі. Содан соң, қарқынды әуе қозғалысының арқасында ол барлық құрлықтарға тез тарап, бұрын-соңды болмаған пандемияға ұласты.
Біздің планетамыздың эволюциясы геологиялық, биологиялық және климаттық дәуірлерді өткеріп, миллиондаған жылдар бойы неше түрлі катаклизмдерді кешіп, бүтін бір биологиялық түрлердің жойылуын басынан өткізді. Бүгін біз Антропоцен деп аталатын жаңа дәуірде өмір сүріп жатырмыз (сөзде-сөз айтқанда «адамның дәуірі»).
Бұл тек ондаған жылдармен есептеледі, бірақ қоршаған ортаның бұрын-соңды болмаған деградациясымен өзін көрсетіп үлгерді. Осының бәрі табиғаттың жойылуын жалғастыратын адамның іс-әрекетінің арқасында, өз ресурстарын абайламай сарқу, өз қолымен пандемия және басқа да катаклизмдер жасау, бұл – өзін-өзі жоюға әкелуі мүмкін.
Сондықтан да, қоршаған ортаға зиян келтірудің орнына, дұрысы өмірге деген көзқарасымызды өзгертіп, оны планетамызға, сонымен қатар өзімізге, адамдарға тиесілі мына әлемге қауіп төндірмеуіміз қажет.
Әрі қарай мен планетамызды деградациядан сақтау үшін әрқайсымыз жасай алатын бес нәрсе туралы айтып өтпекпін.
Біріншіден, энергияны үнемдеу, соның ішінде электр энергиясы. Сіз мұны энергия үнемдеуіш шамдарды тұтыну арқылы, сонымен қатар қажет болмағанда шамдарды, теледидарды және де басқа электр жабдықтарды, құрылғыларды өшіріп қою арқылы жасай аласыз. Жаз айларында мүмкіндігінше ауа баптағыштарды аз қолданып, желдету үшін терезені ашыңыз. Ал салқын кезде жылытқыш құрылғылардың орнына жылы киінген дұрыс.
Екіншіден, суды үнемдеу, мысалы краннан аққан судың ағынын азайту, тісіңізді тазалағанда немесе душқа түскенде тек қажет кезінде кранды қосу сияқты. Сонымен қатар, ыдыс-аяқты жуған кезде де суды қолдануды азайтуға болады.
Үшіншіден, жеке көліктің орнына қоғамдық көлікпен жүрген жөн. Әрине, жаяу жүріп немесе велосипедті пайдалансаңыз жақсы болар еді. Бұл денсаулыққа да пайдалы.
Төртіншіден, пластикалық пакеттерді қолданудан бас тартқан жөн. Олар қоршаған ортаны шынымен ластайды. Матадан жасалған сөмкелер мен қапшықтарды пайдалану анағұрлым жақсырақ. Оларды лақтырмай, жуып, көп қолдануға болады.
Бесіншіден, бір рет қолданылатын пластикалық бөтелкелер мен баклажкалардың орнына шыны ыдыстарды пайдалануға тырысыңыз. Пластикалық ыдыстар тек қана табиғатқа емес, біздің ағзамызға да зиянды.
Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, әрқайсымыз сүйікті планетамыз бен ондағы тіршіліктің сақталуына өз үлесімізді қоса аламыз.
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.
Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.