Сколиоз – омыртқаның қисаюы. Сіздің арқаңыздың дәл ортасында орналасқан омыртқаңыз бүкіл ағзаңыздың негізгі тірегі болып табылады. Кез келген салауатты адамда омыртқасы сәл бүгулі түрде болады. Дегенмен, сколиоздан зардап шегетін адамдарда жұлын бағанасының тым қатты қисаюы байқалады. Мұндай адамдардың омыртқасының иілген түрі «С» немесе латынша «S» әріпіне ұқсас болады.
Пайда болу себептері
Көп жағдайда сколиоздың пайда болу себептері белгісіз. Мұндай жағдайдағы сколиоз түрін идиопатиялық сколиоз деп атайды. Бұл сколиоздың ең көп тараған түрі. Ауруды жас мөлшерлеріне қарай топтап қарастырады.
• 3 жасқа дейінгі балалардағы – инфантильді (нәресте ) сколиозы
• 4-10 жас аралығындағы балалардағы – ювенильді сколиозы
• 11-18 жас аралығындағы балаларда кездесетін жасөспірімдер сколиозы
Көбінесе, сколиозға қыз балалар жиі шалдығады. Белгілі бір санаттағы адамдардың омыртқасының қисаюы анатомиялық бейімділіктеріне байланысты болады. Әдетте, жылдам өсу кезеңінде омыртқаның қисайу қаупі артады.
Сколиоздың басқа түрлері:
Туа біткен сколиоз. Бала туылғаннан кейін бірден анықталатын сколиоз түрі. Мұндай сколиоздың түрі жас баланың қабырғалары мен омыртқалары дұрыс қалыптаспаған жағдайда туындайды.
Нейромускулярлы сколиоз. Жүйке жүйесінің мәселелерінің себебінен бұлшықетке әсер ететін сколиоз түрі. Мысалы, ДЦП, бұлшықет дистрофиясы, омыртқалардың бөлінулері және полиомиелит.
Симптомдары
Әдетте сколиоздың белгілері байқалмайды. Егер байқалған жағдайда, белгілер мыналарды қамтиды:
• Арқаның және белдің ауырсынуы
• Ұзақ уақыт отырған немесе тұрып тұрғаннан кейін омыртқадағы шаршау сезімдерінің пайда болуы
• Жамбастың немесе иықтың пропорцияларының бірдей болмауы (бір иық екіншісінен жоғары болуы мүмкін)
• Омыртқаның бір жақ бағытқа қарай қатты қисайып тұруы
Кифосколиоз - омыртқаның тағы бір қалыпты қисаюының түрі болып табылады.
Диагностика
Ауруды диагностикалау үшін дәрігер физикалық тексеруден өткізеді. Сонымен қатар дәрігер омыртқаны егжей тегжейлі анық көру үшін сіздің алдыға қарай еңкеюіңізді сұрайды. Сколиоздың даму кезеңінің бастапқы сатысында омыртқадағы өзгерістерді байқау қиын болады.
Дәрігердің тексеру барысында мына нәрселер байқалуы мүмкін.
• Бір иығыңыздың екіншісінен биік болуын
• Жамбастың бір жағына қарай қисаюы
Ауруды анықтау үшін кейде омыртқа рентгенін жасау керек. Бұл да өте маңызды, кейде физикалық тексеруден көрінгеннен гөрі жағдай әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.
Ауруды анықтаудың басқа әдістері:
• Омыртқаның қисықтығын өлшеу (сколиграф арқылы өлшеу)
• Омыртқаға МРТ жасау
Емдеу
Әр түрлі факторлаға байланысты емдеу жүргізіледі
• Сколиоздың пайда болу себебі
• Омыртқаның қисайуы тұсы қай жер
• Қаншалықты қатты қисайған
• Науқастың ағзасы өсу үстінде ме?
Көп жағдайда идиопатиялық сколиозды емдеу талап етілмейді. Дегенмен, мұндай науқастар жарты жылда бір рет дәрігердің қаралуына барып тұрулары керек.
Егер науқастың организмі өсу барысында болса, дәрігер корсет киюді ұсынуы мүмкін. Корсет омыртқаның ары қарай қисаюын тоқтатады. Корсеттердің түрлері әр түрлі болады, олар омыртқаның қисаю тұсы мен көлеміне байланысты таңдалады. Емдеуші дәрігер пациентке ең қолайлы корсет түрін тағайындайды және оны қалай қолдану керек екендігін көрсетеді. Корсеттер дененің өсуіне байланысты ауыстырылуы мүмкін.
Корсет кию көбінесе 10 жастан асқан балаларға көмектеседі . Алайда, туа біткен немесе нейромускулатуралы сколиозда корсетпен емдеу тиімсіз болып табылады.
Кейбір жағдайларда қисық омыртқаны түзету үшін хирургиялық бағытта араласу керек болады. Омыртқа сүйектері толығымен қалпына келіп, бітіп кеткенінше, операция барысында омыртқа сүйектері ілгектер мен болттардан құралған арнайы метал түйреуіштермен бекітіледі. Операцияны арқа, іш және қабырғадан тілу арқылы жасауы мүмкін.
Операциядан кейін пациентке омыртқасын түзету үшін корсет киюі керек.
Сондай-ақ, науқастың омыртқасы тым қисайған және қарқынды түрде жағдайы одан ары нашарлайтын болса ота жасау қажет болады. хирург мүмкіндігінше , науқастың өсу кезеңінен өтіп кетуін күтеді, бірақ, өкінішке орай мұндай мүмкіндіктер бола бермейді.
Сондай-ақ сколиозды емдеуге жататындар:
Эмоционалды қолдау көрсету. Кейбір балалар, әсіресе жасөспірімдер корсет киіп жүруден қатты ұялуы мүмкін.
Физиотерапевтер және басқа мамандар емдеудің мақсатын түсіндіре отырып, корсет науқас үшін өте қолайлы екендігіне көз жеткізе алады.
Ауру аясында
Омыртқа қисықтығының сәтті емделуі сколиоздің түріне, себептеріне және ауру дәрежесіне байланысты. Омыртқа неғұрлым қатты қисық болса, дененің өсуі тоқтаған кезде, омыртқаның нашарлау ықтималдығы соғұрлым күшейеді.
Сколиоздың жеңіл түрімен зардап шегетін адамдар корсет кигеннен өздерін жақсы сезінеді. Әдетте сколиоздің бұл формасына ұшыраған адамдарда ұзаққа созылатын мәселелер туындамайды. Дегенмен, жас ұлғайған шақта сколиоздің әсерінен арқаның ауырсынуы пайда болуы мүмкін.
Нейромускулярлы сколиоз немесе туа біткен сколиозы бар науқастарды емдеудің нәтижелері әртүрлі. Нейромускулярлы сколиозбен зардап шегетін адамдарда қосымша тағы ауру түрі болғандықтан, емдеу түрі де өзгеше болады. Көбінесе, мұндай жағдайдағы хирургиялық араласудың мақсаты баланы мүгедектер арбасына дұрыс отыруға мүмкіндік беру.
Туа біткен сколиозды емдеу өте қиын және бірнеше оперецияны талап етеді.
Мүмкін болатын асқынулар
Сколиоз кезінде пайда болатын асқынуларға мыналар жатады:
• Тыныс алу проблемалары (сколиоздің ауыр түрінде)
• Белдегі ауырсынулар
• Өзін төмен бағалау
• Омыртқа сүйектерінің қажалуынан үнемі ауырсынуды сезіну
• Операциядан кейінгі омыртқаға инфекция түсу
• Дұрыс түзетілмеген жағдайда немесе операция салдарынан омыртқаның немесе нервтің зақымдануы
Дәрігерге қашан қаралу керек
Егер балаңыздың омыртқасының қисықтығына күдіктенсеңіз, маманға көрсеткеніңіз жөн.
Алдын алу
Сколиозді анықтауға арналған тексерулер орта және жоғарғы сынып оқушыларының арасында жүйелі түрде жүргізіледі.
Түйін сөздер:
сүйек
омыртқа
қисаю
травматология