W


Босанған соң әйел ағзасында көптеген өзгерістер орын алады және бұл қалыпты жағдай болып саналады. Көптеген әйелдер кейде өз ағзасындағы өзгерістердің физиологиялық немесе патологиялық екенін айыра алмай күйзеліске де түсіп жатады. Босанғаннан кейін:

1-ші аптада:

• Көптеп қан келіп жатса қорқудың қажеті жоқ, егерде қан ұйындысы 3 см-ден асып кеткен жағдайда дәрігерге қаралғаныңыз абзал.Себебі бала жолдасының қалып қалуынан немесе басқада түрлі себептерден үлкен қан бөлшегі түсуі мүмкін.
• Жатыр мойны ашық болғандықтан инфекциядан сақтанған дұрыс. Ол үшін жиі жуынып, төсемелерді жиі ауыстырып және 40 күнге дейін жыныстық қатынасқа түспеу керек.
• Босанған соң күйзелісті сезінуіңіз мүмкін. Бұл гормондардың бірден өзгерісінен болады.
• Ағзаңыздың ертерек қалпына келуі үшін тыныққаныңыз дұрыс және тамақтануыңыз нәрлі, құнарлы болсын
• 3-ші күннен бастап уыз кетіп сүт келеді. Баланы жиі емізгеніңіз дұрыс. Сүт көптеп келіп бала аз емген жағдайда артылғанын сауып тастаңыз , себебі сүт безі қатып лактостаз дамиды. Егер керісінше сүт аз келсе жиі –жиі баланы мейіріммен емізсеңіз өздігінен сүт көбейеді
• Босанған соң 2-3 айға дейін көтеншек ( геморрой) болуы мүмкін. Бұл жамбас бұлшық еттерінің босаңсуынан . Ал егер ауырсыну немесе басқада қиын жағдайды сезсеңыз дәрігерге көрініңіз

2-ші аптада:

• Зәрді ұстай алмауыңыз мүмкін.Бұл 6 аптадан соң қалпына келеді. Бірақ сізге жиі дәретке отырғаныңыз дұрыс. Егер іш қату болса зәйтүн майын немесе дюфолак пайдаланып дәретті шығарыңыз. Себебі дәретке бармау жатырдың жиырылуына кедергі жасап , ол өз кезегінде қанның шықпай қалуына ( гемотометра) алып келуі мүмкін
• Ішіңіз үлкен болып тұруы мүмкін. Көңіліңізді түсірмеңіз, бұл жатыр толық қалпына келген жоқ және ағзадан артық су шыққан жоқ деген сөз
• Сүтіңіз көп келіп, ағуы мүмкін
• Егер жыртылу болса жіптер сіңе бастайды.

3-ші аптада:

• Егер қынаптан әлі бөлінділер келіп жатса , ол аз мөлшерде болуы керек. Егер көптеп келсе , ауру сезімі болса дәрігерге қаралыңыз.
• Баланы емшекпен емізсеңіз қатаю , қызару ,ауру сезімі болуы мүмкін. Бұның бәрі сүттің жиналып қалуынан.Ол үшін массаж жасап , жылы мата қойыңыз және барлық сүтті сауып тастаңыз.

Босанған аналарды ең көп мазалайтын сұрақ ол дене қалпын ,сымбатын қалпына келтіру.Кейбір әйелдер қатты уайымдап күйзеліске де түсіп жатады. Уайымдамағаныңыз жөн, себебі бәрі өзіңіздің қолыңызда. Дерлік барлық аналарда тері асты май қабатына 9 ай бойы май жиналады , ол өз кезегінде балаға қорғаушы қызмет атқарады. Өз қалпыңызға тез келу үшін балаңызды жиі емізіңіз. Себебі емізу арқылы сіз жатырдың тез қалпына келуіне және майлардың сүтке айналуына көмектесесіз. Сізге ең бірінші талап ол дұрыс тамақтану. Тамақтану барысында тұзды және ащы, майлы, тәтті тамақтарды шектегеніңіз жөн.Ал спортпен шұғылдануды босанған соң 1 айдан кейін бастағаныңыз жөн. Беліңізді байлауды 8 күннен кейін бастағаныңыз жөн, себебі 8-ші күні жатыр қасаға деңгейінде болады. Ал алғашқы күндері кіндіктен ақырындап төмен түсе бастайды. Барша аналарға айтарым сіздің көңіл-күйіңіз , денсаулығыңыздағы өзгерістер барлығы балаға беріледі. Сондықтанда жақсы көңіл-күймен, күлімдеп нұр шашып жүргеніңіз абзал.



Автор: акушер гинеколог- Акимбай Бахытжамал